Мемлекеттік рәміздер
«Мемлекеттік рәміздер – біздің мемлекетіміздің, егеменділігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші бейнесінің көрінісі болып табылады».
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылдың 4 маусымында қабылданды (Заңның толық мәтіні). Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде тойланады.
Мемлекеттік рәміздер – бұл әр мемлекеттің барабарлығын және егеменділігін бейнелейтін ажырамас белгілерінің бірі. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн.
Мемлекеттік Ту

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы – Қазақстанның еңбегі сіңген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Мемлекеттік Елтаңба

Мемлекеттік Елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары - белгілі архитекторлар Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Мемлекеттік Гимн

Бұрын «Менің Қазақстаным» деген атаумен белгілі ән Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Парламентпен 2006 жылдың 6 қаңтарында Қазақстан Гимні болып бекітілді. Алғаш рет ол 2006 жылдың 11 қаңтарында Елбасын салтанатты түрде ұлықтау кезінде шырқалды.
Музыка авторы – композитор Шәмші Қалдаяқов, сөздерінің авторлары – Жұмекен Нәжимеденов және Нұрсұлтан Назарбаев.






